Кредит бойынша қарыз жүктемесін қалай азайтуға болады?

Кредит өтемін мерзімінен кешіктірген жағдайдағы қарыз алушының іс-қимыл алгоритмі


2021 жылдың 1 қазанынан бастап Қазақстанда кредит төлеуде қиындыққа тап болған азаматтардың мерзімі өткен берешегін реттеу тәртібі қолданылады. Ол барлық кредиттік ұйымдардың - банктер мен микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) қызметіне қатысты. Бұл ретте қайта құрылымдау шартын банктер мен МҚҰ қарыз алушының қаржылық жағдайын, табыс деңгейін, әлеуметтік мәртебесін және өмір сүру жағдайын жеке талдау негізінде анықтайды.

Кредитті қайта құрылымдау үшін жеке тұлғалардың банкке немесе МҚҰ-ға жүгіну тәртібі

Заңнамалық талаптарға сәйкес кредитор (банк, МҚҰ) туындаған мерзімді кешіктіру туралы ол басталған сәттен бастап 20 күн ішінде қарыз алушыға хабарлауға міндетті. Хабарламада кредиттік ұйымдар азаматтарға төмендегілер жайында ақпарат береді: • кредит бойынша төлемдер енгізу қажеттігі; • мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттігі (мөлшері мен өтемеген жағдайдағы салдарларын көрсете отырып); • қайта құрылымдау мәселесі бойынша кредиторға жүгіну қажеттігі. Өз кезегінде төлем мерзімін кешіктірген қарыз алушылар ол басталған күннен бастап 30 күн ішінде қарыздарды қайта құрылымдау үшін кредиттік ұйымға (банкке, МҚҰ-ға) өтінішпен жүгінуі тиіс. Өз өтінішінде борышкер орын алған кешіктірудің себебін көрсетуі және ықтимал қайта құрылымдауға қатысты өз нұсқаларын ұсынуы, табысының азайғанын, өз міндеттемелері бойынша төлем жасаудың мүмкін еместігін куәландыратын растаушы құжаттарды ұсынуы қажет. Ешқандай жағдайда кредитордан жасырынуға болмайды! Қарыз алушының өтініші банк пен МҚҰ тарапынан міндетті түрде қабылдауға, тіркеуге, есепке алуға және қарауға жатады. Сұратылған құжаттарды ұсынбау қарыз алушының өтінішін қараусыз қалдыруға негіз болып табылады. Қарыз алушының өтінішін кредитор (банк, МҚҰ) 15 күнтізбелік күн ішінде қарайды, содан соң кредитор жауап беруге міндетті. Оң жауап болған жағдайда кредитор қарыз алушыға қарыз шартын өзгерту жөнінде ұсыныстар жасайды. Теріс жауап болған жағдайда бас тарту себебін негіздеуі керек.

Шарт талаптарының қандай өзгерістері ұсынылуы мүмкін?

• сыйақы мөлшерлемесін төмендету; • негізгі қарыз немесе сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру; • өтеу әдісін өзгерту; • қарыз мерзімін ұлғайту; • қарыз жүктемесін азайту. Ұсыныстардың тағы бірі - ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті өз бетінше сату немесе кепіл мүлкін кредиторға беру арқылы бас тарту ұсыну, міндеттемені сатып алушыға табыстау арқылы жылжымайтын мүлікті сату. Егер қарыз алушы қарызды қайта құрылымдау шарттары бойынша кредитормен келісімге келе алмаса, ол ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы. Бұл ретте қарыз алушы банкке немесе МҚҰ-ға жүгінгенінің және өзара қолайлы шешімге қол жеткізе алмағанының растамасын міндетті түрде ұсынуы тиіс. Өтініш беру

Жарияланған күні 6 желтоқсан 2022, 12:29